» » Рухани жаңғыру: Ұлттық сана және ұлт тарихы

Рухани жаңғыру: Ұлттық сана және ұлт тарихы

Рухани жаңғыру: Ұлттық сана және ұлт тарихы
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы»-деп бекер айтқан жоқ.Ұлттық сана - ұлт руханиятының негізі. Ұрпақтан ұрпаққа тарихтың білімі, тұлғалар тағылымы, ұлттық тәрбие арқылы беріліп отырады.
Бүгінде іске асып жатқан рухани жаңғырудың да басты мақсаты – ұлттың ұлы мұраты. Ол – Ұлы Дала елінің бойында белгілі тарихи себептермен қалғып кеткен прагматизмді ояту арқылы ұлттық, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелу, тәуелсіз елдің санасы мен ағзасын отаршылдық, кембағалдық, бойкүйездік комплекстерінен тұтастай арылту. Бұл жайында Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақаласындағы орамды ойлар, салмақты ұсыныстар осыдан 100 жыл бұрынғы Әлиханның, Мұстафаның ой­-толғамдарымен үндесіп жатқанын байқаймыз.
Тарих дегеніміз – ол азаттық, бостандық, тәуелсіздік үшін күрестің тарихы.Ұлттық сана – ұлт руханиятының негізі. Ұлттық сана тарихи түсініктен шығады. Мұстафа Шоқай­дың «ұлттық рухсыз, ұлттық намыс­сыз ұлт тәуелсіздігі болмайды» деген өсиетін еске алсақ ұлттық рух – халықтың өзін-өзі тануымен айқындалатын, өс­ке­лең арман-мұраттарымен сипатта­ла­тын, елдік тұтастық идеясымен негізделетін өміршеңдік күш-қуаты деп танимыз. Ал ұлттық намыс – ар-ожданнан бастау алатын, отансүйгіштікпен ұш­та­сып жатқан рухани-құндылық сезім. Ұлттық намыстың негізгі көрінісі адамның туған еліне сүйіс­пен­шілігінен, төл мәдениетіне деген құр­метінен байқалады. Ұлттық намыс ұлттың өзіндік мәнін, өткен тарих тағылымын ұмытпай, ар-ожданын таптатпауы үшін керек.
Өткен тарихқа шынайы көзбен қарап, деректерге жү­гінсек үш ғасырдан астам уа­қыт­қа созылған Ресей империясының, кейінгі Кеңестер Одағы жүргізген сая­саттың үстемдігі Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағанынан кейін де бірден жойыла қоймады. Өйткені, ол отарланған халықтың рухани өміріне тереңірек тамыр жіберді.
Мұстафа Шоқай студент кезінде-ақ Ресей империясының заңдарын тыңғылықты үйренумен қатар, түркі-мұсылман халықтарының дәстүрлі сот ісін, тарихы мен мәдениетін зерттеді. «1917 жыл туралы естеліктерден үзінділер» деген кітабында Мұстафа: «Студенттік жылдары мен біздерде билер мен қазылар соты жөнінде көп шұғылдандым. Сырдария облыстық басқармасы мен уезд әкімшілігінің мұрағаттарында ұзақ отырдым» деп жазады[1, 38 б].
Қандай қиындықтарға қарамастан өз еліне қалтқысыз қызмет ету туған халқына деген шексіз сүйіспеншіліктен туындайды. Мұстафа Шоқайдың пікірінше, берік ұлттық санасыз тәуелсіздікке жету мүмкін емес. Мұстафа «атамекенді сүю – оның тұтас мүддесіне қызмет ету, осы жолда керек болса жан пида қылуға дайын тұру болып табылады» десе, Ә.Бөкейханов: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға бейім тұрады... Дүниеде өңге жұрттар қатарында қор болма­йын, «тұқымым құрып қалмасын» деген халық өзінің шежіресін имани дәрежесінде ұғып білуге тиіс болады», - деп айтқан болатын. Шежіре – біздің ұлттық тарихтануымыздың, көшпенділердің тарихи танымының төлтума ерекшеліктерінің бірі.
Бұл жайында Мұстафа Шоқай: «Біз, Түркістанның түпкілікті тұрғындары: қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік түрікмен, ұйғыр және қарақалпақтар, басқа халықтар сияқты, өзіміздің көне әрі бай тарихымызды боямасыз, бұлталақсыз шынайы шындығын үйрену ниетіндеміз. Тек осы ниетіміз әзірше орындалмай отырғаны өкінішті. Қазіргі қаламгерлердің бірінің сөзімен айтқанда, «Тарихымыз теріс айналдырылып жазылған». Совет өкіметі ата-бабаларымыз он төрт ғасыр бойы қолданған әліпбиді зорлықпен өзгертіп, үлкен мәдени мұрамыздан айырды, әрі туыстарымыздың тіліне мүлде жат емле қағидаларын енгізіп, түркістандықтардың тұтастығына зор зиян келтірді... Орыстар Түркістанды Мәскеуге тек экономикалық жағынан ғана байлап-матаумен шектеліп қана қоймай, мәдени, рухани өмірінің көрінісі болған бүкіл тарихи шығармаларын да өз қалауынша бұрмалап, Мәскеудің еркіне тәуелді етуде», Түркістанды отарлау үшін «адамгершілік өлшемдерге сыймайтын ең бір шектен шыққан шараларға» жүгініп отыр деп жазды [3, 89 б].
Өз кезегінде алаш азаматтары рухани құнды­лық­тарға көңіл бөліп, ұлт та­ри­хын, ұлттық сананы қалып­тастыратын, бір ізге түсіретін істерге ерекше назар аударды.Мұстафа Шоқай қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз, татар, башқұрт, қарақалпақ, ұйғырларды «түркістандық ұлт» ретінде танып, олардың әр қайсысын жеке халық ретінде санады. М. Шоқай өз шығармаларында өзбек, қазақ, қырғыз, түрікмен, тәжік әдебиетіне көңіл бөліп, олардың рухани жетістіктерін қарастыруға ұмтылды. Түркістан тұрғындарының ауыз әдебиеті Мұстафа дүниетанымының бір бұлағы болғандықтан, оның өзбек, қазақ, қырғыз халықтарының өнері мен мәдениеті мәселелері шет жерде жүргенде де назарынан тыс қалдырмаған. М. Шоқайдың 1931 жылы «Остойропа» журналында жарияланған «Түркістан ақындары мен олардың өлеңдері» және «Муа» журналындағы «Түркістан әдебиетіндегі өлеңдер» атты мақалалар туралы пікірлері оның бір ғана дәлелі деп қарастырған жөн. Онда Мұстафа: «Түркістан поэзиясының гүлденуі ұлттық сана-сезімнің оянуына тікелей байланысты. Большевиктер мұндай процесті болдырмауға тырысады. Алайда халықтың өмір сүру қабілеті барған сайын күшейе түсуде. Түркістан тек ұлт тәуелсіздігі үшін ғана емес, өзінің рухын өшіріп алмау үшін де күресуде» -деп жазады[2, 438 б]. 1930 жылы 8 қаңтарда М. Шоқай Париждегі «Франс-Ориан» комитетінің жиналысында «Түркістандағы қазіргі жағдай» деген тақырыпта жасаған баяндамасында Түркістанда Кеңес өкіметінің күшпен орнатылғаны және оның жергілікті халыққа «аса қымбатқа» түскені, өлкедегі ашаршылықтың «этностық сипат» алғандығы туралы баяндап, Түркістанды бес республикаға бөліп, ұлттық-аумақтық межелеу шараларын жүргізген большевиктер саясатының өзегі бұл өңірдегі халықтың этностық бірегейлігін, біртұтастығын жою деп бағалайды. «Өзбекстан, Түрікменстан, Қазақстан, Қырғызстан және Қарақалпақ автономиялық облысын нәсілі, тілі, діні бір түркі тектес халық мекендейді, бірақ, өкінішке қарай, олар бірегей мемлекеттік ұлт ретінде қалыптасып үлгермеген» деп жазды [2, 330 б].
Сонымен қатар, Мұстафа Шоқай олар дербес, бір мемлекет құрамында даму барысында «мемлекеттік ұлтқа» ұласатынына ешбір күмән келтірмейді. «К.Маркс үшін неміс тайпалары мен итальяндықтардың бірыңғай мемлекеттік ұлтқа бірігуі XIX ғасыр тарихындағы ең озық құбылыстардың бірі саналса, Маркстің іліміне шын берілген оқушысы В. Ленин үшін түркістандықтардың, тіпті қызыл кеңес туы мен Мәскеудің «революциялық қанатының астында» бірыңғай мемлекетке бірігуі аса қауіпті, кертартпа болып шығады. БК(б)П X съезінде Сталиннің атап көрсеткеніндей, қазақ, өзбек және басқа да халықтардың өзара бірігуі «революциялық Ресей орталығының мүдделеріне» қауіпті деп танылғанын ашып жазды [2, 331 б].
М. Шоқай ұлттық тәуелсіздік пен ұлттық рухты жеке-жеке емес, бір-бірінен ажырамас ұғымдар ретінде түсіндіреді. «Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал, ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді» [4, 85 б]. Мұнан М. Шоқайдың тарихтың, әдебиет пен өнердің қоғам өмірінде қаншалықты орын алатындығын өте жоғары бағалағандығының куәсі боламыз.
Мұстафа Шоқайдыңжастарда ұлттық сананы қалыптастыру тактикасы Түркістан жастарының алдында сөйлеген сөзінде анық байқалады: «Түркістан жастары, бірлесіңдер! Сендердің бірліктерің, сендердің бір-біріңе күш қосуларың еліміздің бақытына қызмет етпек... Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат» дейді [2, 364 б].
Тәуелсіздігімізді алғаннан бастап ұлттық тарихи сананы, ұлттық рухты қалыптастыру біздің мем­лекеттік саясатымыздың басым ба­ғыты болды.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткенніңкертартпа тұстарынан бас тарту керек»-деп қазақтың ежелгі «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» қағидасын мықтап ұстануға шақырады. Мемлекет басшысы нұсқап отырған ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, заман ағымына қарай оның сипаттарын өзгерту, мемлекет пен қоғамды революциялық емес,эволюциялық жолмендамыту, ең бастысы, сананың ашықтығын, яғни әлемдік озық жаңалықтарға, ғылым-білімге құшақты айқара ашу идеялары ұлттың рухани-мәдени қалыбы болмақ. Әрі жаңа дәуір сынақтарын бәсекелік қабілеті ерекше ел ғана еңсере алатына күмән жоқ. Ендеше еліміздің мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас ұлт болуы тек еліміздің әрбір рухы жоғары, ұлтжанды азаматына тікелей байланысты.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.Әбілсейіт М. Рухани жаңғыру және Алаш зиялылары // Айқын. 2017 ж. 22 шілде.
2.Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы. 12 том, 1-том. – Алматы: Дайк-Пресс, 2012.
3.Бегманов Қ. Мұстафа Шоқай жолымен. Алматы: Сораба, 2013. – 496 бет.

4.Шоқай М. Таңдамалы. 1-том. Алматы. – 194 бет

С.Т.Тайман. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ

«Мұстафа Шоқайтану» ҒЗО жетекшісі,

Н.Әзімов, магистр


 

 

 

 

 

 

 

 

Категория: Зерттеулер
Просмотров: 21304
Похожие новости:
Сырдарияның көне сағаларының қалыптасуы және халықтардың қоныстану тарихы

Сырдарияның көне сағаларының қалыптасуы және халықтардың қоныстану тарихы

Сырдарияның төменгі алқабы – Тұран ойпатының үлкен бір бөлігі. Ол батысында Арал теңізіне, шығысында Орталық Қазақстанға дейін, ал оңтүстігінде Қызылқұм мен Қарақұм шөлейтіне дейінгі жерлерді қамтиды....
Комментариев: 0
Добавить комментарий
  • Жаңалықтар тізбесі
  • Көп оқылғандар

Басқа видеолар

Спорт